Мұғалім еңбекақысы, оқулық сапасы, мектеп бюджеті. Жаңа оқу жылында болатын өзгерістер қандай?

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов республикалық тамыз кеңесінде жаңа оқу жылындағы өзгерістерді баяндады.

Об этом сообщает Преступная Россия

Ауыл мұғалімдерінің жалақысы қайта қаралады

Асхат Аймағамбетов ауылдар мен шалғайдағы мектептерде білім беру сапасы төмен екенін атап өтті.

"Ең басты мәселе – ұстаздардың біліктілік сапасы мен олардың тапшылығы. Көптеген мектепте бір мұғалім төрт-бес пәннен сабақ береді. Сапа мәселесін шешу үшін ауыл мектептерін қаржыландыру және ауыл мұғалімдеріне еңбекақы төлеу жүйесін жаңарту қажет. Бұл жұмысты бастап кеттік", – деді ол.

Министрлік ауыл мұғалімдеріне жалақы төлеу жүйесін жаңартуды қолға алып, биылғы оқу жылында осы жұмысты аяқтауды көздеп отыр.

Оқулық дайындаудың жаңа жүйесі енгізіледі

Министр оқулықтарда кемшілік көп екенін мойындап, оларды дайындау жүйесі жетілмегенін айтты.

"Оқулықтарды дайындаудың жаңа жүйесі енгізіледі. Қазір авторлар мен сарапшыларды оқытып жатырмыз. Оқулықтардың сапасы, оларды апробациядан өткізу және қолдану мониторингі бойынша талаптарды заңнамалық түрде белгілейміз", – деді Білім және ғылым министрі.

Оның сөзінше, оқулықтар бойынша жұмыс жалпы міндетті стандарттан, типтік жоспарлар мен бағдарламалардан басталып, содан кейін сараптама мәселесі, апробациялау, авторларды даярлау және оқыту, басып шығарудан тұрады. Енді осы бизнес процестер жаңа форматта іске асырылады.

Оқи отырыңыз: Кезекші сынып оқушысының ата-анасы мектепке кіре алмайды. Олар тағы нені білуі тиіс?

Экология тақырыбындағы сынып сағаттары енгізіледі

Министрлік сарапшылармен бірге экологиялық білім мен тәрбие тұжырымдамасын дайындап жатыр. Осы мақсатта Экология министрлігімен бірге сарапшылармен бірнеше кездесу, талқылау өткен.

"Биылдан бастап бірыңғай бағдарлама бойынша экологиядан сынып сағаттары басталады. Мектеп бағдарламасына экологиялық білім беру мәселелері біріктіріледі. Өзекті тақырыптарға негізделген пәндерді оқыту арқылы балалардың табиғатқа ұқыпты қарау дағдыларын дамытамыз", – деді Асхат Аймағамбетов.

Білім және ғылым министрі білім берудегі тәрбиелік контентті күшейту міндеті тұрғанын атап өтті. Сондықтан жаңа оқу жылынан бастап "Құндылықтарға негізделген білім беру" жобасы енгізіледі.

"Әл-Фараби "тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы" деген. Осы жобаны қолға алып, жаңа форматта жүргізу маңызды болып отыр. Бұл жоба биылғы оқу жылынан бастап барлық білім беру ұйымдарында енгізіледі", – деді министр.

Оқи отырыңыз: "Үйде білім алу оқу үлгерімін төмендетеді". Жекеменшік мектептер неге online білімге қарсы?

Ашық бюджеттердің интерактивті картасы енгізіледі

"Министрлік сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша үлкен жұмыс жүргізді. Алайда оқу орындарында әліге дейін сыбайлас жемқорлық деректері бойынша шағымдар барын мойындауымыз керек. Ашықтық пен цифрландырудың жеткіліксіздігі, түсіндіру жұмыстарының төмендігі сыбайлас жемқорлықтың негізгі себептері болып отыр", – деді министр.

Асхат Аймағамбетов осы оқу жылында білім беру саласындағы мемлекеттік органдар мен ұйымдар үшін ашық бюджеттердің интерактивті картасын енгізу мәселесі пысықталатынын мәлімдеді. Бұл жұмыс Ұлттық білім беру деректер базасы аясында жасалады. Министрдің пікірінше, ата-ана да, қоғам да әр теңгенің қайда жұмсалғанын көруі тиіс.

"Былтыр министрлік тариф бойынша шешім қабылдады. Биыл тариф пен штат кестесін жалпыға қолжетімді ресурстарда жариялау жұмысын жалғастыру қажет. Мұндай мәселелерді ашықтықты қамтамасыз ету арқылы шеше аламыз. Ірі мемлекеттік сатып алулар бойынша ашық шешім қабылдау алгоритмі әзірленеді. Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға бөлінген қаржыға арнайы сайт арқылы мониторинг жасауға болады. Білім мен ғылымға бөлінетін барлық қаражаттың барынша ашықтығын қамтамасыз етуге тиіспіз. Бұл жұмыс осы оқу жылында жүзеге асырылады", – деді Білім және ғылым министрі.

Мектеп бюджеті 20%-ға артады

Асхат Аймағамбетов орта білім беру сапасын арттыру мақсатында жан басына шаққандағы қаржыландыруды арттыру шаралары қабылданатынын айтты. Қыркүйектен бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру 1 595 қалалық мектепке енгізіліп, 1 млн 700 мыңнан астам оқушыны қамтиды. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен шамамен 30 млрд теңге бөлінген. Бұл мектеп бюджетін орта есеппен 20%-ға арттыруға мүмкіндік береді.

"Мемлекеттік бюджеттен қыруар қаражат бөлініп жатыр .Сондықтан бізге ос қаражатты дұрыс және тиімді іске асуын қадағалап, жеткізу мәселесі өте маңызды болып тұр", – деді ол.

Оқи отырыңыз: "Оқушыны қолда" қайырымдылық акциясы. Көмекті кімдер ала алады?

ЖОО оқытушыларының жалақысы көбейеді

2011 жылдан бастап алғаш рет биыл білім беру гранттарының құны кем дегенде екі есе өскен. Министрдің айтуынша, бұл жоғары мектеп педагогтарының жалақысын көтеруге мүмкіндік береді.

"Шешім қабылданды. Бірінші қыркүйектен бастап білім министрлігіне қарасты жоғары оқу орындары педагогтарының жалақысы орта есеппен 25 пайызға артады", – деді Асхат Аймағамбетов.

Ата-ана балабақшаны өзі таңдай алады

Министр мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі енгізілетінін мәлімдеді. Мектепке даярлық жұмысының мазмұны мен әдістері толығымен қайта қаралады. Бағдарлама мазмұны балалардың жасы мен психологиялық ерекшеліктеріне сәйкес жаңартылады.

"Ата-ана балабақшаны өзі таңдап, оған баласы мемлекеттік тапсырыспен бара алатын норма қаралады. Қазіргі таңда мемлекеттік тапсырысты қай балабақша алатынын білім бөлімі не басқармасы шешеді. Келер жылы немесе биылғы оқу жылында кезекте тұрған ата-ана балабақшаға жолдама алып, баласын бергісі келетін мектепке дейінгі ұйымды өзі таңдайтын жаңа жүйеге көшеміз", – деді ол.

Асхат Аймағамбетов бұл шешімнің мектепке дейінгі ұйымдар арасындағы бәсекелестікті арттырып, қызмет сапасын жақсартады деген сенімде.

Оқи отырыңыз: Оқушы денсаулығы, апатты мектептер, кәсіптік білім. Тамыз кеңесінде Тоғжанов қандай тапсырмалар берді?

"Әліппе" 2021 жылы мектеп бағдарламасына қосылады

Министрдің сөзінше, 1 қыркүйектен бастап 11 сыныптар жаңа бағдарламамен оқуға көшеді. Сонымен биыл жаңартылған білім беру мазмұнына көшу жұмысы толығымен аяқталады. Бұдан бөлек мемлекеттік стандартқа "Әліппеге" қатысты өзгерістер енгізілген. Мектеп бағдарламасына сәйкес, 1-сыныптың І-ІІ тоқсанына "Әліппе", ІІІ-IV тоқсанына "Ана тілі" енгізілді. Оқулықтар мен бағдарлама дайындалып жатыр. 2021 жылы 7 мың мектеп осы оқулықтарды қолданады.

Источник: “https://informburo.kz/kaz/malm-ebekaysy-ouly-sapasy-mektep-byudzhet-zhaa-ou-zhylynda-bolatyn-zgerster-anday.html”